Экономикалық білім - ең үздік капитал
15.04. 2025жылы Шәкәрім университетінің Бизнес жоғары мектебі Семей қаласының жалпы білім беретін орта мектептерінің оқушылары арасында экономика және қаржы пәндерінен “Экономикалық білім - ең үздік капитал” атты қалалық олимпиада өткізді.
Олимпиада мақсаты кәсіптік бағдар беру, мектеп оқушыларының шығармашылық қабілеттерін, экономика және қаржы саласындағы ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылығын дамыту, жастар арасында экономикалық білімді, қаржылық сауаттылық пен кәсіпкерлік дағдыларды қалыптастыру, сондай-ақ мектеп оқушылары арасында Шәкәрім университетінің білім беру бағдарламаларын насихаттау, университет туралы жағымды имидж қалыптастыру.
Аталған іс-шараға қала мектептерінен келген 9-11 сынып оқушылары қатысып, өз білімдерін теориялық және практикалық тапсырмалар арқылы сынға салды. Олимпиада бірнеше кезеңнен тұрды: командаларын таныстыру, 4 кезеңнен тұратын квиз ойыны және шағын жоба қорғау.
Қатысушылар экономикалық ұғымдар, қаржылық жоспарлау, кәсіпкерлік бастамалар мен нарықтық қатынастар туралы білімдерін көрсетті.
Олимпиада соңында үздік нәтиже көрсеткен оқушылар марапатталып, дипломдар мен естелік сыйлықтарға ие болды. Ұйымдастырушылар іс-шараның алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасатынын атап өтті.
Бұл олимпиада оқушыларға тек білімдерін сынап қана қоймай, сонымен қатар болашақ мамандықтарын таңдауға бағыт-бағдар берері сөзсіз.