• logo
  • shakarim
    u n i v e r s i t y
news

Н.Ә.ӘПСӘЛЕМОВ АТЫНДАҒЫ ДӘРІСХАНА АШЫЛДЫ

2023-06-19 | Жаңалықтар

2021 жылдың 9 желтоқсан күні Шәкәрім университетінде экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Оксфорд академиялық одағының құрметті профессоры Нәдірбек Әпсәлемұлы Әпсәлемовтің туғанына 80 жыл толуына арналған «Қазақстанның экономикасы және білімі: қазіргі жағдайы мен жаңасерпілістері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Осы тарихи маңызы бар шара шеңберінде М.И.Глинка атындағы көшеде орналасқан Бас ғимаратқа ғалым құрметіне мемориалдық тақта қойылды.

 

Ғылыми бас қосу кезінде «Экономика және қаржы» кафедрасының меңгерушісі, э.ғ.к., қауымдастырылған профессор А.Ж. Зейнуллина ұстаз атындағы дәрісхана ашу туралы идея айтқан болатын. Идеяны Әпсәлемовтар жанұясы қолдап, болашақта экономика және қаржы саласында білім алушы студенттерге ғалым атындағы арнайы шәкіртақы тағайындау туралы ойларының бар екендігін жеткізген еді.

Осынау игі бастамалардың нәтижесінде Шәкәрім университеті басшылығының қолдау көрсетуімен, Әпсәләмовтар жанұясы мен шәкірттерінің демеушілігімен 2023 жылдың 2 маусым күні Нәдірбек Әпсәлемұлы Әпсәлемов атындағы дәрісхана ашылды. 

Нәдірбек Әпсәлемұлы жастайынан басшылық қызметпен біте қайнасып, әбден ысылған, өмірлік мол тәжірибе жинаған жан.Ташкент халық шаруашылығы институтын бітіре сала Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібінің технологиялық институтының Семейдегі бөлімшесінде басталған оқытушылық қызметінен Семей ет және сүт өнеркәсібінің технологиялық институтында (СЕСӨТИ)  проректор, ректор, Мемлекеттік қаржы институтының ректорына дейін көтерілді. 

Қазақ қаржы-экономикалық академиясының негізін салушы, Қазақстан инновациялық университеті, Қазақстан инновациялық академиясының президенті болды. 

Болашақ өсіп келе жатқан жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан,экономика саласындағы мамандарды даярлауға қомақты үлес қосқан, ұлағатты ҰСТАЗ, ҒАЛЫМ, БАСШЫ ӘПСӘЛӘМОВ НӘДІРБЕК ӘПСӘЛӘМҰЛЫНЫҢ есімі ұрпақ жадында.

Бөлісу